×
Кіру
Тіркелу
Құпия сөзді ұмыттыңыз ба?

Көкжиде: Стратегиялық су қоры мен мұнай мүддесінің текетіресі. Тараптар не дейді?

Көкжиде: Стратегиялық су қоры мен мұнай мүддесінің текетіресі. Тараптар не дейді?
Темір ауданындағы кен орнына апарар жол

Ақтөбе облысындағы таза ауыз су қоймасының тағдыры әлі күнге өзекті. Өйткені, Көкжиде кен орнындағы су қоры соңғы бірнеше жыл бойы мұнай өндірушілер тарапынан лайланып жатқаны алаңдатады. Әсіресе, жаһандық климаттың өзгеруі салдарынан аймақтағы су ресурстарының тартылуы белең алып жатқан тұста, бұл стратегиялық қордың тазалығы өміршеңдік мәселесіне айналды. Бұл жайтқа жергілікті биліктің, үкіметтің көзқарасы қалай екені қызықтырады.

«Тілші» арнайы осы тақырып төңірегінде ой қозғап көрмек болды. Темір ауданына барып қайттық, құзырлы органдарға ресми сауал жолдадық.

Құзыреттілік дауы: Аудан әкімдігі неге ақпаратсыз?

Көкжиде кен орнындағы ластануға қатысты Темір ауданы әкімдігіне хат жолдаған едік. Ол жақта мониторинг жүргізу және қадағалау функциялары болмай шықты.

Темір ауданындағы кен орны

"Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, жерасты сулары мен табиғи ресурстарды қорғау, олардың ластануын бақылау және мұнай өндіруші компаниялардың экологиялық нормаларды сақтауын қадағалау мәселелері «Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің» құзыретіне жатады», — делінген Темір ауданы әкімдігінен жеткен жауапта.

Темір аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ережесінде Көкжиде кен орнына экологиялық мониторинг жүргізу немесе мұнай кен орындарының әсерін бағалау бойынша функциялар қарастырылмаған болып шықты.

«Осыған байланысты бөлімде Сіз сұратқан ақпараттардың (судың химиялық құрамы, мұнай төгінділерінің динамикасы, арнайы мониторинг деректері) жоқ екенін мәлімдейміз", — делінген Темір ауданы берген жауап хатта.

Темір ауданы, Кеңқияқ ауылы (фото: Д. Сағидолла)

"Халық азайса да, Бәшенкөл ауылын жаппай отырмыз"

"Тілші" командасы Темір ауданына қарасты Кеңқияқ ауылына барды. Кеңқияқ ауылдық округіне Кеңқияқ және Бәшенкөл ауылдары кіреді. Бәшенкөл ауылы Көкжиде құмдарына жақын орналасқан ауыл.   
Мұнда халық саны жыл сайын азайып барады. Тіпті, бала саны өте аз болғандықтан, мектеп те жабылып тынды. Википедия мәліметтеріне сүйенсек, Бәшенкөлде 1999 жылы тұрғындар саны 337 адам (156 ер адам және 181 әйел адам) болса, 2009 жылы 211 адамды (106 ер адам және 105 әйел адам) құрады. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша 53 адамды (33 ер адам және 20 әйел адам) болған. 
Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі Қуанышбек Серікжан

"Небары 12 үй бар. Мал бағады. Малсыз отырған ешкім жоқ. Рас, газ жоқ. "Ада Ойл" компаниясы демеушілік танытып, көмір түсіріп береді. Су тасқыны кезінде де көмектесті. Қазір ауыл тұрғындары жол мен газ тартып беруді сұрайды. Бірақ, экономика жағынан бұл бізге тиімсіз. Электр жарығы мәселесін шештік, Күн батареясын қондырдық. Биржа арқылы жұмысқа тартып отыр едік, оны тоқтаттық. Өйткені, жағдайлары жаман емес. Мал бағады. Су мен газ тартып бер дейді. Бала саны азайған соң, мектеп жабылды. Бірақ, елді мекен ретінде жауып тастамадық", - дейді Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі Қуанышбек Серікжан "Тілшіге" берген сұхбатында. 

Округ әкімінің есебінше, Көкжиде құмдары Бәшенкөл ауылынан 3-4 шақырымда орналасқан. 

"Егер жағдай жасалса, қайтып баруға дайынбыз" дейтін жастар бар

Өз кезегінде, осы өңірдің белсенді тұрғыны, қоғамдық жұмыстарға бірнеше он жылдан бері араласып келе жатқан Ардақ Құбашеваның кен орнына жақын ауылдың жабылуына шетелдік компаниялардың мүддесі болуы мүмкін екенін бұрыннан айтып келеді. 
Темір ауданы Кеңқияқ ауылының белсендісі

"Бәшенкөл ауылының жабылмауы үшін қанша жылдан бері жүгіріп жүрмін. Алайда, халыққа жағдай жасалмаған соң, олар көшіп жатыр. Мектебін жаппау керек деп шырылдадық, өкінішке қарай... Мен жастармен араласып тұрамын. Сонда айтатыны - егер ауылда жағдай болса, көшіп баруға дайын. Газ тартылса, келіп тұрамыз дейтін жастар бар", - дейді Ардақ Құбашева. 

Ресми статистика: Ластанудың қауіпті динамикасы

Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б. Құлмағамбетовтың хабарлауынша, 2013 жылы Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органдары Көкжиде құмын сақтау үшін жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ – Көкжиде-Құмжарған табиғи қорығын құрды.

2025 жылғы 29 қыркүйекте Ақтөбе облысы әкімдігінің №205 қаулысымен Көкжиде-Құмжарған мемлекеттік табиғи қорығының жалпы ауданы 74 082 гектарға дейін кеңейтілді. Көкжиде құмдары учаскесіндегі жер асты және жер үсті суларының сапасын бақылау жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып, 2019 жылға дейін 21 ұңғымада, ал 2022, 2023 және 2025 жылдары 124 ұңғымада жүргізілді.

Темір ауданы, Кеңқияқ ауылы (фото: Д. Сағидолла)

"Бақылау барысында мұнай өнімдерінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан (ШРК) асып кетудің жекелеген жағдайлары тіркелді: 2016 ж. – 1,2 ШРК, 2017 ж. – 1,7 ШРК, 2018 ж. – 1,2 ШРК, 2019 ж. – 2,0 ШРК, 2022 ж. – 1,7 ШРК, 2023 ж. – 1,5 ШРК және 2025 ж. – 6,1 ШРК. Аймақтағы климаттың өзгеруін және Көкжиде құмына климаттың әсерін зерттеу бойынша ешқандай жұмыс жүргізілген жоқ", – делінген Б. Құлмағамбетовтың жауабында.

Ғылыми зерттеулер: «Ауытқулар табиғи шектерде»

Өз кезегінде, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті 2024–2025 жылдары Көкжиде құмды массиві аумағында кешенді геоэкологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізді. Жүргізілген жұмыстар аясында жерасты суларының деңгейі мен сапасына тұрақты мониторинг жасаған екен. Бақылау ұңғымаларында жүйелі өлшеулер алынып, сорғылаудан кейінгі қалпына келу үрдісі талданды. Нәтижесінде жерасты сулары деңгейінің өзгерісі тұрақты әрі циклдік сипатқа ие екені, негізінен табиғи факторларға (климаттық жағдайлар, қоректену және таралу ерекшеліктері) байланысты екені анықталды.

сурет "Тілші" мұрағатынан алынды

«Тілшіге» берген жауабында ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Т. Момышев «ауытқулар табиғи шектерде қалып, деңгейдің бағытталған немесе сыни төмендеу белгілері тіркелмегенін» жеткізді. Оның пайымынша, көпжылдық бақылаулар жерасты сулары сапасының белгіленген нормативтерден асуын тіркемейді, бұл олардың жай-күйінің тұрақты екенін көрсетеді.

Мониторинг жүйесі және мемлекеттік бақылау

«Аталған қорытындылар Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі бекіткен нормативтік құжаттардағы талаптар мен тәсілдерге сәйкес келеді. Мониторингтік зерттеулер мемлекеттік, ведомстволық және бұрын бұрғыланған барлау ұңғымалары негізінде қалыптастырылған, 124 ұңғыманы қамтитын тармақталған бақылау желісі арқылы жүзеге асырылды, бұл аумақты репрезентативті қамтуды қамтамасыз етіп, жерасты суларының жай-күйі мен динамикасы туралы сенімді деректер алуға мүмкіндік берді», – деп жауап берді вице-министр «Тілшіге».

Осылайша, Момышевтің айтуынша, жүргізілген зерттеулер нәтижесінде соңғы жылдары жерасты сулары сапасының нашарлауы немесе олардың деңгейінің тұрақты төмендеуі тіркелмегені анықталды. Көрсеткіштердің динамикасы тұрақты, табиғи факторлармен шартталған сипатқа ие және сулы горизонттың деградациясын немесе теріс үрдістердің қалыптасуын білдірмейді.

«Жерасты су кен орнының бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру және сулы горизонттың ұзақ мерзімді экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында табиғи және антропогендік факторлардың жерасты суларының жай-күйіне әсерін бағалау мен бақылаудың ғылыми негізделген жүйесін қалыптастыруға бағытталған кешенді геоэкологиялық мониторинг орталығын құру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде», — дейді вице-министр.

Ақтөбедегі "жасылдар" партиясы не дейді

"Байтақ" партиясының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Айман Сексенованың пікірінше, Көкжиде — Қазақстандағы ең ірі жерасты тұщы су кен орындарының бірі және бүкіл батыс өңірінің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс.


"Бейінді ғылыми ұйымдар жүргізген гидрогеологиялық зерттеулердің деректері бойынша, оның әлеуеті тәулігіне 100–120 мың текше метр су деңгейінде бағаланады, ал кейбір өзектендірілген есептер бойынша — тәулігіне 170 мың текше метрге дейін жетеді. Бұл Көкжидені тек Ақтөбе облысын ғана емес, сонымен қатар су тапшылығын созылмалы түрде сезініп отырған Атырау және Маңғыстау облыстарын да сумен қамтамасыз ете алатын қайнар көз ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар Көкжидені батыс өңірлерін сумен қамту үшін пайдалану жобаларын, соның ішінде өңіраралық су құбырларын тарту мәселесін қарастырып жатыр. Бұл тағы бір мәрте дәлелдейді: әңгіме — ұлттық деңгейдегі ресурс туралы болып отыр.

Сонымен қатар, кен орнының экологиялық жағдайы ерекше алаңдаушылық туғызады", - дейді ол. Мониторинг деректері мен ресми мәлімдемелерге сәйкес, Көкжиденің жерасты суларында мұнай өнімдері мен ауыр металдардың іздері тіркелген. Оның үстіне, мемлекеттік органдар мен экологтар оның контурында мұнай өндіруді шектеу немесе тоқтату қажеттілігі туралы мәселені бірнеше рет көтерді.

Мынаны баса айту маңызды: Көкжиде — бұл мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан, минералдану деңгейі төмен (орта есеппен 0,1–0,4 г/л) ультра тұщы су. Мұндай сулы қабаттардың ластануы іс жүзінде қайтымсыз процесс және ол стратегиялық ресурсты алдағы ондаған жылдарға жоғалту дегенді білдіреді.

«Байтақ» жасылдар партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы ретінде Айман Сексенова:

  • Көкжидеге ерекше экологиялық қорғау нысаны мәртебесін беру;

  • Су сапасына тұрақты мемлекеттік және қоғамдық мониторингті қамтамасыз ету;

  • Үкімет деңгейінде оның аймағында экологиялық қауіпті қызметті толық тоқтату мәселесін қарастыру керек деп санайды.

Көкжиде — бұл жай ғана кен орны емес. Бұл — маңыздылығы жағынан еліміздің ең ірі табиғи активтерімен тең келетін тұщы судың стратегиялық резерві.

Оны сақтау — тек экология мәселесі ғана емес, бұл бүкіл Батыс Қазақстанның ұзақ мерзімді тұрақтылығының кепілі.

Болашақ жоспар: Көкжиде — ауыз судың негізгі көзі

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, орталықтың жұмыс істеуі жерасты суларының деңгейлік және сапалық жай-күйіне жүйелі әрі үздіксіз бақылау жүргізуге, ықтимал ауытқуларды жедел анықтауға, сондай-ақ су пайдалануды ғылыми негізде сүйемелдеуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Су кодексінің 92-бабының 6-тармағына сәйкес, су пайдаланушылар жерасты суларының деңгейі мен сапалық сипаттамаларына тұрақты өндірістік мониторинг жүргізуге міндетті.

Кеңқияқ ауылы

«Жаһандық климаттың өзгеруі, трансшекаралық өзендер суының төмендеуі және су тұтынудың артуы жағдайында Көкжиде кен орнының жерасты сулары ауыз сумен қамтамасыз етудің перспективалы маңызды көзі ретінде қарастырылуда. Сулы горизонттың жоғары табиғи қорғалғандығын және сапалық көрсеткіштерінің тұрақтылығын ескере отырып, оның ресурстарын ұтымды су пайдалану және экологиялық тұрақтылық қағидаттарын сақтай отырып, кезең-кезеңімен сумен жабдықтау жүйесіне енгізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының батыс өңірлерін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін пайдалану көзделуде», – деп хабарлады Су ресурстары және ирригация вице-министрі Т. Момышев.

Энергетика министрлігі мен мұнай өндірушілерге қойылатын талаптар

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 2024 жылғы 9 қыркүйекте KAZENERGY заңды тұлғалар бірлестігі мен Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті арасында Көкжиде құмды массиві аумағында геоэкологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізу туралы шартқа қол қойылды.

Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша Satbayev University ұсынған қорытындылар негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі Көкжиде құмды массиві аумағында ұңғымаларды пайдалануды және мұнай өндіруді белгіленген өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жалғастыру туралы шешім қабылдады.

Материалға иллюстрация. "Тілші" архивінен

«Көкжиде құмды массиві аумағында геологиялық ортаны ұтымды пайдалану және көмірсутектерді қауіпсіз өндіруді қамтамасыз ету мақсатында недропайдалану бойынша технологиялық талаптардың тізбесі әзірленді. Бұл тізбе мүдделі мемлекеттік органдармен, ғылыми және өзге де ұйымдармен бірлесіп әзірленіп, недропайдаланушылар үшін міндетті болып табылады. Құжатта ұңғымаларды жобалау және пайдалану, бұрғылау мен өндіру процестері, өндірістік объектілерді жайғастыру, апаттар мен мұнай төгінділерінің алдын алу, қалдықтарды басқару, сондай-ақ ұңғымаларды консервациялау және жою талаптары белгіленген», — деп жауап берді вице-министр Сұңғат Жаркешов.

Аналитика: Мәліметтер қайшылығы және жауапкершілік мәселесі

Ақтөбе облысындағы Көкжиде кен орнына қатысты жағдай тағы да назарға ілікті. Экологиялық ахуалға байланысты жолданған ресми сауалдарға келген жауаптар бір қарағанда жүйелі көрінгенімен, тереңірек үңілгенде олардың арасында елеулі қайшылықтар бар екені байқалады.

Алдымен көзге түсетіні — жауапкершіліктің «жоғарыға» ығыстырылуы. Темір ауданы әкімдігі өз құзыретінде жерасты суларының сапасын бақылау немесе мұнай өндірудің әсерін бағалау функциялары қарастырылмағанын ашық мәлімдеген. Яғни, жергілікті деңгейде нақты экологиялық мониторинг жүргізілмейді, ал тұрғындарды алаңдатқан сұрақтарға жауап беретін дерек те жоқ. Бұл жағдай өңірдегі экологиялық бақылаудың жүйелілігіне қатысты сұрақтарды күшейтеді.

Сонымен қатар облыстық деңгейдегі ресми деректердің өзі де біржақты емес. Табиғи ресурстар басқармасы ұсынған ақпаратта соңғы он жылға жуық уақыт ішінде жерасты суларында мұнай өнімдерінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан асу фактілері тіркелгені көрсетілген. Әсіресе 2025 жылғы 6,1 еселік асу — бұл жай ғана статистикалық ауытқу емес, нақты экологиялық белгі болуы мүмкін көрсеткіш. Мұндай деректердің болуы аймақта ластану мүлде жоқ деген пікірді күмәнді етеді.

Қорытынды: Мұнай ма, әлде су ма?

Алайда дәл осы кезеңде жүргізілген ғылыми зерттеулер мүлде басқа қорытындыға келіп отыр. Қ.И. Сәтбаев атындағы техникалық университет мамандары жүргізген кешенді талдаулар жерасты суларының деңгейі мен сапасы тұрақты екенін, ал байқалатын өзгерістер табиғи факторлармен түсіндірілетінін айтады. Су ресурстары және ирригация министрлігі де осы ұстанымды қайталайды. Ресми тұжырым — ешқандай сыни төмендеу немесе сапаның нашарлауы жоқ.

Кеңқияқ әкімдігі ғимараты

Осы тұста негізгі сұрақ туындайды: бір деректерде ластану фактілері тіркеліп отырса, екінші тарап неге оны жүйелі проблема ретінде мойындамайды? Мұндай айырмашылықтар көбіне мониторинг әдістерінің әртүрлілігімен, бақылау нүктелерінің сәйкес келмеуімен немесе деректерді интерпретациялау тәсілдерімен түсіндіріледі. Бірақ қоғам үшін бұл техникалық айырмашылықтан гөрі нәтижесінің өзі маңызды — су таза ма, әлде қауіп бар ма?

Қорыта келе айтарымыз, Ақтөбе облысындағы Көкжиде құмдары жоғары сапалы тұщы судың бірегей «жерасты мұхитын» жасырып жатыр. Алайда, қазіргі уақытта бұл аумақта онға жуық мұнай компаниясы жұмыс істеуде.

Климаттың өзгеруі Орталық Азиядағы су тапшылығын ушықтырып жатқан тұста, мұндай қорларды қорғау ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналуда. Жағдай өте күрделі: мұнай ұңғымаларын бұрғылау аймақтарының қорғалатын су ресурстарымен түйісуі қайтымсыз ластанудың жоғары қаупін тудырады. Егер бұрғылау кезінде мұнай сулы қабатқа түсетін болса, аймақ өзінің басты тіршілік көзінен айырылады, бұл экологиялық және гуманитарлық апатқа әкеп соғады.

Көкжиде төңірегіндегі жағдай — Қазақстанның климаттық тұрақсыздық пен табиғи ресурстарды игеру арасындағы тепе-теңдігі қаншалықты нәзік екенін көрсететін мысал. Көкжидені сақтап қалу үшін тек қағаз жүзіндегі «технологиялық талаптар» емес, тәуелсіз қоғамдық бақылау мен нақты уақыт режимінде жұмыс істетейін цифрлық мониторинг жүйесі қажет. Егер ластану динамикасы осы қарқынмен жалғаса берсе, болашақ ұрпаққа арналған стратегиялық су қоры жарамсыз техногендік қалдыққа айналуы әбден мүмкін.

Данияр Сағидолла, Ақтөбе облысы, арнайы «Тілші» үшін

 

🤖
TILSHI AI
Сәлем! Бұл жаңалыққа қатысты сұрағыңыз бар ма?
Жасанды интеллектіге сұрақ қою үшін жүйеге кіріңіз.

Ұқсас жаңалықтар